Бала балабақшаға қабылдану үшін ата-аналар ең алдымен мыналарды анықтап алу қажет:
- баланың балабақшаға баратын жасын;
- тәрбиелену тілін.
Баланың жасы мен оқу тіліне қарай балабақшалардың орналасуын және ата-аналар төлемінің құнын түсіну қажет. Себебі кейінгі әрекеттер балабақшаның мемлекеттік қаражат есебінен қаржыландырылуына байланысты.
Егер балабақша толықтай жеке меншік болса немесе коммерциялық топ туралы сөз жүргізілсе, онда балабақшаның меңгерушісіне жолығып, бос орындардың барын және шарт жасасу ережелерін анықтап алу қажет. Тараптардың барлық келіссөздері жеке тәртіппен жүзеге асырылады және мүлдем реттелмейді.
Ал егер мемлекеттік балабақша немесе мемлекеттің тапсырысы бар жеке меншік балабақша (яғни, сөз толықтай немесе ішінара мемлекет есебінен қаржыландырылатын ұйымдар) туралы айтылса, онда бұл ұйымдарға балаларды қабылдау тәртібі қатаң реттелген және белгіленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Сондықтан бала мемлекеттік балабақшаға немесе мемлекеттік білім беру тапсырысы бар жеке меншік балабақшаға қабылдану үшін:
- кезекке қою туралы өтініш беру;
- кезекті және бос орындардың шығуын күту;
- балабақшаға қабылдауға жолдама алу;
- алған жолдамаға сәйкес балабақшаға барып, шарт жасасу қажет.
Кезекке қою туралы барлық сұрақтар, кезектердің қалыптасу және балабақшаларға жолдама алу ережелері қатаң түрде реттелген және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болғандықтан тиісті заңнамалық актілерде қарастырылған.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер – бұл жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі және мынадай негізгі қағидаттарға негізделе отырып көрсетіледі: көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол берілмеу керек. Сондықтан көрсетілген рәсімдердің көпшілігі ақпараттық жүйелердің көмегімен автоматтандырылған түрде жүзеге асырылады. Автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту үшін өтініш беруші мен көрсетілетін қызметті берушінің арасында жеке байланысты болдырмау үшін барлық жерде қолданылады.
Кезекке қою және балабақшаға қабылдау тәртібі оңай рәсімдер болғанымен өз құқықтар мен жеңілдіктерді жақсы түсіну үшін олармен мұқият танысу қажет.
Осы мақалада ең маңызды ұсынысқа назар аудару қажет: баланы кезекке барынша ертерек қою керек. Негізі, бала туғаннан кейін оның өмірінің алғашқы күндері.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етуге міндетті емес Мемлекет міндетті түрде мектептегі орта білімді ғана қамтамасыз етуі тиіс.
Бұл ретте мемлекет азаматтардың мектепке дейінгі білімдегі қажеттіліктерін барынша қамту мақсатымен жеке меншік балабақшалар үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын белсенді дамытып жатыр. Алайда оған деген сұраныс ұсыныстан артық.
Сол себепті балабақшалардағы бос орындарға қол жеткізу үшін керекке тұру қажет. Ал кезектегі балалар өтініштің берілген күніне қарай орналастырылады. Яғни, өтініш неғұрлым ертерек берілсе, балабақшаға жолдама алуға мүмкіндік соғұрлым көп болады.