Балабақшаларды түрлі әдістермен топтастыруға болады, ең негізгі тәсілдер мынадай:
- меншік нысандары бойынша;
- төлем құны бойынша;
- жұмыс тәртібі бойынша;
- жас топтарының болуы және функционалдық тағайындалуы бойынша;
- оқу және тәрбиелеу тілі бойынша.
Меншік нысандары . Меншік нысандары тұрғысынан балабақшалар жеке меншік және мемлекеттік болып бөлінеді.
Төлем құны . Төлем құны бойынша балабақшаның үш негізгі түрін көрсетуге болады (төлемнің көбеюі тәртібінде):
- мемлекеттік балабақшалар;
- мемлекеттің білім беру тапсырысы бар жеке меншік балабақшалар;
- жеке меншік балабақшалар.
Жұмыс тәртібі . Балабақшалар бес (алты) күндік жұмыс аптасы тәртібімен, сондай-ақ толық, толық емес күн және тәулік бойы тәртібімен жұмыс істей алады.
Жас топтарының болуы және функционалдық тағайындалуы . ҚР БҒМ бекітілген номенклатурасына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдардың мынадай түрлері бар:
- Бөбекжай-балабақша : бір жастан алты (жеті) жасқа дейінгі балаларға арналған бөбекжай және мектепке дейінгі жастағы балалардың топтарын көздейді;
- Балабақша : үш жастан алты (жеті) жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі топтарының болуын көздейді;
- Отбасылық бөбекжай-балабақша : отбасы мүшелерінің тікелей қатысуымен құрылады және әр түрлі жастағы топтардың болуы көздейді (бір жастан үш жасқа дейінгі балалар, үш жастан алты (жеті) жасқа дейінгі балалар);
- Санаториялық бөбекжай-балабақша : бір жастан бастап алты (жеті) жасқа дейінгі балалардың диагнозына қарай дәрі-дәрмектік және физиотерапиялық емдеуді, шынықтыруды, емдік дене шынықтыруды жүргізеді және массаж жасалады;
- «Мектеп-бөбекжай-балабақша» кешені : мектепке дейінгі топтардың және бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім сыныптарының болуын көздейді;
- Мектепке дейінгі шағын орталық : бір жастан алты (жеті) жасқа дейінгі балалар үшін бөбекжай және мектепке дейінгі жастағы топтардың болуын көздейді, аптасына екі күннен жеті күнге дейін икемді тәртіп бойынша жұмыс істейді.
Сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарының жіктелімі бар, оған балабақшалардың мынадай түрлері кіреді:
- Арнайы бөбекжай-балабақша : бір жастан үш жасқа дейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеуді, оқытуды, дамытуды, күтімді және сауықтыруды қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары. Бұл ұйымдар көз көру, есту, тірек-қозғалу аппаратының бұзылыстары бар және психикалық дамуы тежелген балаларға арналған;
- Арнайы балабақша : екі жастан бастап мектеп жасына жеткенге дейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеуді, оқытуды, дамытуды, күтімді және сауықтыруды қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары. Бұл ұйымдар көз көру, есту, сөйлеу, тірек-қозғалу аппаратының, зерде бұзылыстары бар, психикалық дамуы тежелген, эмоциялық-ерік аясының бұзылыстары бар балаларға арналған.
Қалада (елді мекенде) арнайы бөбекжайлар және балабақшалар болмаған кезде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының негізінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы топтар ашылуы тиіс.
Оқу және тәрбиелеу тілдері . Балабақшада баланың оқуы мен тәрбиеленуі әр түрлі тілдерде жүргізілуі мүмкін. Әдетте бұл қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, корей, ағылшын және неміс тілдері.
Меншік нысанына қарай мектепке дейінгі білім беру қызметі мемлекеттік реттеуге жатады. Сондықтан барлық балабақшалардың мемлекеттік электрондық лицензиялау дерекқорында қызметтің басталғаны туралы хабарламасы болуы тиіс.
Ал білім беру қызметінің өзі жарғыға, үлгілік оқу қағидаларына, санитариялық ережелерге, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға, үлгілік оқу жоспарына, үлгілік оқу бағдарламасына, сондай-ақ жабдықпен және жиһазбен жабдықталу нормаларына қатаң сәйкес түрде іске асырылуы тиіс.